Эссе
Мен балаларды қалай спортқа бейімдеймін?
Балаларды кішкентай жасынан спортқа бейімдеу, бұл баланы болашақта салауатты өмір салтын сақтауына жасаған алғашқы нақ қадам деп білемін. Мен кішкентай бүлдіршіндерді әр сабағымда спортпен шұғылдануға баулуға тырысамын. Балабақшада кішкентай бүлдіршіндерді спортқа алғашқы қадамы – ол сергіту сәттері. Сергіту сәттерін орындау арқылы балалар әрі сергіп демалады, ойнайды, билейді, қуанады әрі спорттық қимылдарды жасап үйренетіндігі бәрімізге белгілі.
Адам үшін бірінші байлық –денсаулық. Адам денсаулығын нығайтуы үшін спортпен айналысуы керек. Спортқа жеңілден –ауырға қарай жылжи отырып үйренеміз. Баланың жағымсыз әдет қылықтардан сақ болуын балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап қалыптастыру тәрбиешінің міндеті. Өкінішке орай, қазіргі балалар компьютерде, планшетте, телефонда ойындар ойнауға бейім, сол себепті өте аз қимылдайды. Ол үшін өзіңді және қасыңдағы достарыңды жағымсыз әдеттен қалай сақтауға болады? Мұның жолы бар. Бұл-спортпен айналысу. Спорт тек қана шымыр етіп қана қоймайды, сонымен қатар деніңнің сау болуына да септігін тигізеді.
Спортпен айналысу көп нәрсені қажет етпейді: тек адамның жан қалауы.
Әрине бұл да жай нәрсе емес, адам өзімен өзі күресе білуі де оңай емес. Спортпен айналысу барысында адам жігерленеді,өмір шаттығын ұғынады. Біздер балабақшада партада, үйде теледидар алдында, компьютерде көп отырып қаламыз. Бұл бүгінгі күннің талабы,оған ешбір шектеу қоя алмаймыз. Қозғалыссыз отыру адам денсаулығына көп зиян келтіреді.Тыныс алуымыз тарылып, қан айналымы қысқарып,қимыл әрекетіміз төмендеп кетеді. Мұның бәрі денсаулығымыздың күрт төмендеуіне әкеліп соқтырады. Марк Твеннің сөзімен айтсақ: «Әдеттің аты әдет, оны аяқ асты өзгерте салу оңай нәрсе емес,дегенмен жеңілден ауырға қарай еппен жылжи беруге болады». Бүлдіршін жасынан спорттың пайдасын түсініп өскен ұрпақ, болашақта қолдау көрсете біледі.
Сондықтан да өзім балабақшада дене тәрбиесі сабағынан күтетін нәтижем – бүлдіршіндердің дене тәрбиесі пәніне деген қызығушылықтарының артуы. Қазіргі уақытта балалардың шығармашылығы, өзін-өзі басқаруы, құрметі, эстетикалық талғамы да артып келеді. Мысалы, дене шынықтыру сабағында, өз тәжірибемде өткізген «Қызыл, сары, жасыл доптар» атты сабағымда, алдымен балаларға ой толғау жасау мақсатында,түстерді қайталап шығып,өз түсініктерін сұрай отырып, сабақ барысы кезінде орындатуды жоспарладым.Балаларды екі топқа бөліп екі жақтан қызыл сары жасыл доптарды жіберемін,олар доптарды қуып жетіп,себеттерге салу керек,осылайша ойын жалғаса береді. Міне, осы арқылы балалар сабақтың жарыс түрінде топтық ойын әдісінде болатына көз жеткізеді. Таңертеңгілік бой жазу және сергіту жаттығулары мен бірге балабақшамызда ұлттық өнеріміз «Қара жорға» биін жаңғырту үстіндеміз, биді сергіту, таңертеңгі бой жазу жаттығуларының орнына да пайдалануға болатынына көз жеткіздік. Сонымен қатар «Қандай үлкенбіз» тақырыбында балалар арасында ұлттық ойын және спорттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырып жеңіпаздарды анықтап балалардың кішкене кезінен бастап спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында тынымды еңбектер атқару үстіндемін.
Сондықтан да балабақшамызда бүлдіршіндердің спортқа деген қызығушылығы мол болғандығын үлкен жетістік деп білемін.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөздеріне ой жүгіртсек, менің парызым еліміздің болашағы, ел тізгінін ұстар азаматтарды спортқа бейімдеп, әр баланың қолынан жетектеп өмір жолының дұрыс бағытына салу, елімізді әлемге танытатын, салауатты өмір салтын ұстана алатын, ата дәстүрді құрметтеген, ең бастысы Отанын сүйетін азаматты тәрбиелеу, осы жолда еңбектену, іздену, мақсатқа жету...
Ал, көздеген мақсатқа жету менің қолымнан келеріне сенемін.
бақшасының тәрбиешісі:Омарова А.Б